понедельник, 29 февраля 2016 г.


Сәлем, менің оқырмандарым! Қалайсыздар?
Көңіл күйім болмай отыр, неге деп сұрасаңыз, қыздарға тән бір проблемам бар. Ертең "ICE PARTY", ал мен не киетінімді білмей отырған жайым бар. "Адам көркі шүберек" деген бар ғой. Үстіңдегі киімің өзіңе ұнайтын, әдемі және үйлесімді болса, өзіңді жайлы және сенімді сезінесің. Айтпақшы "сенімділік" демекші, бүгінгі жазбамды осы тақырыпта қозғағым келіп отыр. 
Өз өзіне деген сенімділік әр адамда кездесе бермейтін қасиет. Шыны керек, жақын достарым маған үнемі "қалай өзіңе сенімді болып жүресің" деген сауал қояды. Жалпы бұрын өз өзімді жақсы көрмейтін адамдардың қатарында болдым, әрқашан кемшіліктіремді теріп отыратынмын. Бірақ бір кезде "неге мен сондаймын? өз өмірім өз қолымда. Адам өзін жақсы көру керек" деген ойға тоқталдым.  Сол уақыттан бері сенімділікті арттыру үшін өз өзіммен көп жұмыс істедім. 
Ең біріншіден, адам өзін жақсы көруі тиіс. Сіз қандайсыз, солай өзіңізді қабылдауыңыз қажет. 
Екіншіден, кемшілікеріңізді жақсы жағынан көрсетіңіз, өзіңіздің ерекшелігіңіз ретінде қабылдаңыз. Әр адам - бөлек әлем, тұлға. 
Үшіншіден, сізге "қолыңнан келмейді" деп айтатын адамдарды тыңдамаңыз және олармен қарым-қатынас құрудан аулақ болыңыз. Өйткені айналаңыздағы адамдар да сізге әсер етеді. 
Төртіншіден, өзіңіздің күшіңізге күмәнданып тұрсаңыз, идеалды кейіпіңіз жайлы бір сәт ойланыңыз. 
Бесіншіден, өзіңіздің мықты жақтарыңызды біліңіз. Әр адам жақсы қасиеттерін біліп және оны қолданып, мақтана да білуі керек.
Алтыншы кеңесім - өз өзіңізді дамыта беріңіз. Бір орында тұрмаңыз, үнемі ізденісте болу керек. 
Таңартең тұрып, айнаға қарап: "мен не деген керемет адаммын, мен әдемімін, білімдімін, өмірім ғажап" деп қайталаңыз. Бұл әрекеттің көмегі өте зор. Өзімізге сену, қабылдау және жақсы көру - өмірде маңызды рөл атқарады . Бұл қасиет үлкен шешімдер қабылдауға түрткі болуы да ғажап емес. 


пятница, 26 февраля 2016 г.

Жігерлендіру



Сәлем достар! Бүгін сіздермен өзіме ұнайтын керемет бейнебаянмен бөліскім келіп отыр. Ең біріншіден, бұл видеомен өзім қалай "танысқанымды" айтайын. Мектеп кезінде кейде іштей сынып қалатын уақыт болатын. Яғни өзіме деген сенімділік жоғалатын кездер, бәрі бекер секілді көрінетін уақыт. Сондай сезімде болғанымда бөлмемде қамалып, ғаламторды шаралап, жігерлендіретін бейнебаяндар іздейтін әдетім болды. Сондай кештердің бірінде осы видео көзіме түсіп кетті. Бұл видеоны көрген сәтте денем тітіркеніп, рухым көтерілді десем болады. Видеода айтылған сөздер жүрегіме жетті және сол кезден бері осы менің сүйікті бейнебаяным. 
Бұл видеодан сіз не аласыз? Үлкен тәжірибе, жігер, күш, ерік.  Қараған соң, тіпті ерлік жасауға дайын тұрасыз. Өмір сынақ және сол сынақтан абыроймен өтуіміз керек екенін, әр адам өз арманын қорғау керек екенін  түсінесіз. Әр түрлі адамдар саған не деседе, сәтсіздікке ұшырсаң да мойымауың керек. Қаншалықты ауыр болса да, шыдау керек. Себебі бұл уақытша: бір сағатқа, айға, жылға, бірақ өтіп кетеді. Ал артқа шегінсең, үнемі ауыр болады. 
Бейнебаяндағы ең ұнаған сөздер: "Барлығы табысқа жеткісі келеді, бірақ толықтай қаламайды. Қалап тұрған секілдісіз. Сіз табысты демалысқа барғыңыз келгендей қаламайсыз, ұйықтағыңыз келгендей қаламайсыз! Математиканы түсінбеймін дейсіз. Әрине, өйткені сіз талпынғанда жоқсыз". 
Осындай жігерлендіру жанрындағы бейнебаяндарға қатты қызығамын. Мысалы бір видео маған өте үлкен әсер етті, өмірімнің бір бөлігін күрт өзгертті. Сол кезден бері бірнеше жылдар бойы қиын кезде осы видеоны қараймын. Мен қараудан жалықпаймын, себебі қараған сайын жаңа әсерде боламын. Сіздерге осы видеоны кеңес ретінде ұсынып отырмын, мүмкін біреуге көмегім тиетін шығар. Негізі қазір ойлап отырсам, блогымның бір бөлігін осы "мотивация" - ға арнасам болады екен. 
Жақсылап жайғасып көріңіздер!

пятница, 19 февраля 2016 г.

СДУ - орындалған арманым.

Бүгінгі фоторепортаж оқу орныма арналады. Бұл талай оқушылардың арманы болған Сүлейман Демирел университеті. 9 сыныпта оқып жүргенде, СДУ-ға тусуді армандайтынмын. Ал қазір сол арманымды іске асырып, керемет оқу ордасында білім алып жүрмін. 
Сіздермен университетке байланысты суреттермен бөліскім келіп отыр.



Бақытты шағым осы жерде өтіп жатыр
СДУ - ұлттардың достығы

Сүйікті жер - кантин
СДУ десе маклюбе есімізге түседі.
Таңартеңгі керемет табиғаттын көрінісі


Бұл жерге кіру - қуаныш



Жұлдызымның арманы

   

  Маған "жұлдыз" болып түскен - Алланазар Назаров. Назар деген жазуы бар қағаз түскенде қатты таңғалдым, себебі ол біздің топқа жаңадан келген бала болатын. Назар екінші семестрде журналистика факультетіне ауысты, өйткені камерамен жұмыс істегенді қатты ұнатады. Бұрын Назарды қатты ұнатпайтынмын, өзімшіл бала деп ойлайтынмын. Бірақ жақсы таныса келе, ойымды өзгерттім. Ол өте мейірімді, көмектесуге дайын тұратын бала. 
     Назар Түркменістаннан келген университетіміздегі шет елдік азаматтардың бірі. Түркменістаннан келіп, қазақ тілін және мәдениетін жақсы көретіні мені қатты таңғалдырды.
Назар камерасымен айырылмайды, үнемі әртүрлі видеолар түсіріп жүреді. Одан басқа Назар футболға қатты қызығады. Жақында аяғы ауырып, ақсаңдап жүргенін байқадым. Одан не болғанын сұрасам, футболда жарақат алдым деп жауап берді. Футболмен қанша уақыт айналысып жүргенін сұрадым. 
    Кішкентай кезінде Назар балалармен далада, футбол алаңында доп қуалап жүргенді жақсы көретін. Бір күні ол алаңға келсе, ауладағы балалар Назарды қуып шығып, ойнатпай жіберген. Назар ашуланып, жылап, анасына болған оқиғасын баяндап берген. Анасы баласын қатты уайымдап, оны қаладағы кішкентай балалардың футбол командасына берген. Назардың күннен күнге футболға деген қызығушылығы арта түскен. Жаттықтырушы оның бойындағы дарынды көріп, қатты ұнатқан. Содан кейін Назар мектепте әртүрлі спорт жарыстарына қатысатын болған және командасының қанжығасына көп жеңіс әкелетін.
    Назар жаттықтырушылардың көңілінен шығып, Түрменісттаның жасөспірімдер құрамасына шақыру алды. Яғни 8-9 сыныптарда ол негізгі құрамда ойнаған. Бірақ бірнеше айдан кейін Назар спортты тастап кеткен. Оның себебі ата-анасында, яғни әкесінде. Әкесі Назардың футбол ойнайтынын құптамайтын. Әкесінің айтатын сөздері: "Саған футбол неге керек? сабағыңды оқы". Назар әкесінің айтқанынан қайтпай, кәсіби футбол жайында армандарын қалдырып, Сүлейман Демирел Университетіне түсті. 
     Қазіргі таңда Назар оқу орнымыздың ең мықты футбол командаларының бірі"Қарапайым" ФК-да ойнап жүр. 
    Яғни Назардың бұл оқиғамен түсіндіргісі келгені: біріншіден, арманға сену керек; екіншіден: өміріңді жалғыз ақ рет сүресің, ол уақытты арманыңды орындауыңа арнауың керек, сол үшін ата-анаң емес, өзің шешім қабылдауың қажет. 
    Арман — жарық жұлдыз, онсыз айқын бағдар жоқ, алға басу да жоқ, тірлік те жоқ дегенді түсіндіргісі келді. Кішкентай кезде балалардың бұзықтығынан алаңға бара алмағаны, оған өмірдегі қызығушылығын табуға көмектесті. Бұл оқиғадан Назар қайырлысын тапты және бұл ең маңыздысы. 





Мақалаға сараптама

 






 



 










Бүгін газет-журналдардың басылымдарын қарап шықтым. Бір байқағаным газеттер маңызы жоқ жаңалықтар жазады немесе өте қызықсыз контент жасайды. Өзіме қызықты және маңызды болған екі жаңалықты таңдап алдым. Біріншісін “Қазақ үні” газетінен оқыдым. Бұл емтихан бағасын саудалаған оқытушы туралы мақала. Жақында Facebook әлеуметтік желіcіне колледж мұғалімінің баға саудалап отырғанында видеоға түсіп қалғаны бәріне мәлім болды. Бұл видеода Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданындағы “Агробизнес және саяхат” колледжінің Нұржамал Жанбосынова деген мұғалімді көруге болады. Математика мүғалімі: “Екінші курста строго екі мың теңгеден болады. Мен былтыр сөйттім ғой. Нағылдеп отырсыңдар маған? Наличка беріңдер.” деген сөздерді байқауға болады. Мұғалімнің мындай қылығы адамдарды қатты таң қалдырды. Бұл оқиғадан кейін колледж әкімшілігі Еңбек кодексіне сәйкес мұғалімді және басшылықты қызметінен босатты. Ал енді мақалаға келетін болсақ. Ұнамағаны автор өзінің ойын, пікірін көрсетіп жазған. Яғни автор “базардаға саудагер секілді” деген сөздерімен мұғалімге деген жақтыртпаушылығын көрсетіп тұр. Ал бізге “журналист ешқашан өз ойын білдіртпеуі керек, ол тек жаңалықты жеткізу керек” деп үйретті. Негізгі ойды оқырманға түсіндіруі ұнады. Оқиғаға қатысты детальдарды айтқаны жаңалықты толықтай түсінуге мүмкіншілік берді. Бұл жаңалықты таңдаған себебім: өзім студентпін, ал бұл жағдай оқу орнында болған. Яғни мен үшін бұл маңызды, өйткені кез келген оқушы осындай жағдайға тап болуы мүмкін. Ұстаз - жауапкершілікті, ақ пейілді, оқытуға деген ынтаны талап ететін мамандық. Осындай ұстаздар келер ұрпаққа, жастарға тәрбие берсе, онда болашақта бұл мұғалім секілді әрекет жасайтын жастар саны артуы мүмкін. Тағы бір айтарым, осы жаңалықтан ақ жаңа медианың маңыздылыған көруге болады. Студент түсірген видеоны, бір ғана әлеуметтік желіге салып, мәселенің шешілуіне себепкер болды. Келесі жаңалық “Түркістан” газетінде жарияланған. Бұл Қазақстанда допингке қарсы тәуелсіз коммиссия құрылғаны туралы мақала. Астанада Ұлттық Олимпиада Комитетінің бастамасымен құрылған бұл коммиссия допингке қарсы жүйені іске асыратын болады. Медицина, заң қызметкерлерінің көмегімен “таза спортшыларды” колдау жүзеге асады. Жазылған мақала кейбір тым ұзақ сөйлемдерді назарға алмағанда маған ұнады. Автор жаңалықтың маңыздылығын, басты ойын жеткізе білді деп есептеймін. Бұл жаңалық мен үшін маңызды болған себебі: бұрын неге осындай комиссия ашпасқа деп ойлайтынмын. Өйткені Александр Винокуров, Валентин Иглинский, Дмитрий Фофонов сияқты спортшылар допинг қолданып, ұсталғаны есімде.

четверг, 18 февраля 2016 г.

Такси - деталь

      
       Тапсырманы орындау үшін “Апорт” ойын-сауық кешеніне таксиға отырып бардым. Жүргізуші 40-50 жастағы орыс ұлтты адам екенін байқадым. Сыртынан қарағанда, өте қатал болып көрінді. Жүргізуші бұрынғы, 70-80 жылғы әндерді жақсы көреді екен. 
       Магнитофоннан “Boney M” тобының “Rasputin” әні тоқтамастан жүре берді. Ең басында әңгімені қалай бастаймын деп қобалжып отыр едім. Сол кезде жүргізуші менің әнді ыңылдап айтып отырғанымды естісе керек, маған: “Керемет ән, иә қызым?” деді. Сол кезде қатты қуандым, себебі бұдан кейін әңгімені жалғастыру оңай болды. Мен: “иә, бұл әнді ата-анам сүйіп тыңдайды.” дедім. "Ата-анаң менімен жасты шығар, жас кезімізде осы әндерге билейтін едік. Би кештеріміз өте қызық болатын” деді. Мен: “Анам жастық шағын есіне алғанда үнемі солай айтады. Осы ән сізге өте қымбат секілді, жаңадан бері тыңдап отырсыз” дедім. Жүргізуші күліп жіберді, соған қарағанда менікі дұрыс болғанын түсіндім. Ол маған: “үйдегі тәтеңмен осы әнді қатты жақсы көреміз, себебі осы ән жүріп тұрғанда, танысқанбыз. Сол кезден бері бұл екеуіміздің ортақ сүйікті әніміз. Студенттік шақтарда, достарымызбен жиналып, биге баратын едік. Сондай бір кеште тәтеңді осы әнге билеп тұрғанда кездестірдім. Қасына жақындап онымен таныстым” деді. Жүргізушінің ашық әңгімесі мені қуантты. Мен оған: “мені ең қызықтырып тұрғаны, сіз бұл әнді әлі тыңдап жүрсіз.” дедім. Ол тағыда күлді, меннен студентсің бе деп сұрады. Сулейман Демирел атындағы университетте оқимын дедім.
      Сол кезде сауда орталығына жақындап қалдық. Мен жүргізушіге ақшасын беріп, әйеліне сәлем айтуын сұрадым. 
      Бұл тапсырма мен үшін жүргізушінің ақкөңілділігінің, мейірімділігінің арқасында оңай болды. Оның жылдар бойы өшпеген әйеліне деген махаббаты мені қатты толғандырды. Студенттік шағынан қанша уақыт өтсе де, осы әнді әлі күнге дейін тыңдайтыны таңғалдырды. Тіпті бір әннің өзінде қаншама тарих жатыр.  Түсінгенім, бұл өмірде көп нәрсеге мән бере бермейді екенбіз. Қарап отырсаң, неше түрлі ұсақ-түйектерге назар аударса, бір адам туралы біршама мәлімет алуға болады. Әрине көзге байқалмайды, бірақ бір заттың ар жағында адамның өмірі, сезімдері тұр. Бір әннің артында олардың  танысуы, махаббаты, отбасы құруы тұр.
     Осы жүргізушіге қатысты айтатын болсам, түрге қарап баға беруге болмайды екен. Сыртынан қанша суық көрінсе де, ішінен өте сезімтал адам болып шығуы мүмкін


Журналистика факультетінің 1 курс студенті Сүндетова Тоғжан.

среда, 17 февраля 2016 г.

Блогқа қош келдім!!!

    Сәлем, менің оқырмандарым! Өзіммен таныстыруға арналған арнайы бір мақала жазармын, ал қазір негізгі тапсырмаға тоқталғым келіп отыр.

    Бүгін жаңа медиа сабағында жеке блогымды аштым. Негізі бұрыннан да блогқа деген қызығушылығым бар еді. Жаңа медиа сабағы бұл қызығушылықты арттыруға мүмкіндік берді.  

  Жалпы блогты не үшін аштым деген сұраққа келетін болсақ. Бұл мәселенің бірнеше себебін жазуға болады.

Біріншіден, блог жазу - білімді арттыру. Бір мақала, мәтін жазу үшін біз кітаптар оқимыз, мәлімет жинаймыз, тәжірибе жинаймыз. Ал блог оның барлығын ұғынуға көмектеседі. Яғни, мен түйгенімді блогқа жазып, оны есте сақтап қаламын.

Екіншіден, барлық жаңалықтан хабардар болу. Басқа адамдардың блогын оқып, қызықты  мәліметтер  жаңалықтарды білуге, фото-видеоларды көруге, құнды кеңес алуға және әр түрлі талқылауларға қатысуға  болады.

Үшіншіден, өзімді жазушы ретінде көру. Егер блогшы болсаң, әдетте мәтінмен жазып түсіндіресің. Ал мәтінде дұрыс сауатты жазу бұл өте маңызды. Сауаттылық ешқашан кедергі етпейді, себебі шын өмірде де бұл өте қажет.

Төртіншіден, өз-өзімді кемелендіру. Мысалы мен музыканы жақсы көремін және сол туралы блог жүргіземін делік. Блогта өзім ұнататын сала туралы жақсы жазсам, менің тұрақты оқырмандарым болады. Адамдар менің мәтінімді дәйексөз ретінде қолдана бастайды, өзінің пікірлерін жазады. Бұл өзіме деген сенімділікті береді.

Бесіншіден, басқа адамдарға пайда келіру. Блог жүргізіп, басқа оқырмандарға пайдалы болуы мүмкін. Адамдар менің кеңестірімді тыңдап, менің көмегіме жүгінуі мүмкін.

Ал алтыншы себеп-қазақ блоггинг саласына үлес қосу. Қазақша блогтардың санын арттыру, өзімнің кішкене болса да үлесімді қосу.

Блог ашу - қазіргі таңда сәнді құбылысқа айналған. Ал мен трендта болғанды ұнатамын. Блог адамдарға белгілі болуға да септігін тигізеді. Біздің замануи уақытта "менде блог бар" деп айтудың өзі бір жетістік.

Мен блогта не туралы жазамын? Негізі бір нәрсеге тоқталғым келмейді. Сіздермен ойларыммен, күнделікті өміріммен, қызықты мағлұматтармен бөліскім келеді. Барлығын қамтитын боламын.

Бұрын мен өз ойларымды, қызықты оқиғаларымды Instagram желісінде белсенді жазып отыратынмын. Ал енді онымен қоса blogger.com сайтын қоладанһтын болдым. Бұл сайтта  үлкен жетістіктерге жетемін деп сенемін!!!


Сүндетова Тоғжан, журналистика 1 курс