четверг, 18 февраля 2016 г.

Такси - деталь

      
       Тапсырманы орындау үшін “Апорт” ойын-сауық кешеніне таксиға отырып бардым. Жүргізуші 40-50 жастағы орыс ұлтты адам екенін байқадым. Сыртынан қарағанда, өте қатал болып көрінді. Жүргізуші бұрынғы, 70-80 жылғы әндерді жақсы көреді екен. 
       Магнитофоннан “Boney M” тобының “Rasputin” әні тоқтамастан жүре берді. Ең басында әңгімені қалай бастаймын деп қобалжып отыр едім. Сол кезде жүргізуші менің әнді ыңылдап айтып отырғанымды естісе керек, маған: “Керемет ән, иә қызым?” деді. Сол кезде қатты қуандым, себебі бұдан кейін әңгімені жалғастыру оңай болды. Мен: “иә, бұл әнді ата-анам сүйіп тыңдайды.” дедім. "Ата-анаң менімен жасты шығар, жас кезімізде осы әндерге билейтін едік. Би кештеріміз өте қызық болатын” деді. Мен: “Анам жастық шағын есіне алғанда үнемі солай айтады. Осы ән сізге өте қымбат секілді, жаңадан бері тыңдап отырсыз” дедім. Жүргізуші күліп жіберді, соған қарағанда менікі дұрыс болғанын түсіндім. Ол маған: “үйдегі тәтеңмен осы әнді қатты жақсы көреміз, себебі осы ән жүріп тұрғанда, танысқанбыз. Сол кезден бері бұл екеуіміздің ортақ сүйікті әніміз. Студенттік шақтарда, достарымызбен жиналып, биге баратын едік. Сондай бір кеште тәтеңді осы әнге билеп тұрғанда кездестірдім. Қасына жақындап онымен таныстым” деді. Жүргізушінің ашық әңгімесі мені қуантты. Мен оған: “мені ең қызықтырып тұрғаны, сіз бұл әнді әлі тыңдап жүрсіз.” дедім. Ол тағыда күлді, меннен студентсің бе деп сұрады. Сулейман Демирел атындағы университетте оқимын дедім.
      Сол кезде сауда орталығына жақындап қалдық. Мен жүргізушіге ақшасын беріп, әйеліне сәлем айтуын сұрадым. 
      Бұл тапсырма мен үшін жүргізушінің ақкөңілділігінің, мейірімділігінің арқасында оңай болды. Оның жылдар бойы өшпеген әйеліне деген махаббаты мені қатты толғандырды. Студенттік шағынан қанша уақыт өтсе де, осы әнді әлі күнге дейін тыңдайтыны таңғалдырды. Тіпті бір әннің өзінде қаншама тарих жатыр.  Түсінгенім, бұл өмірде көп нәрсеге мән бере бермейді екенбіз. Қарап отырсаң, неше түрлі ұсақ-түйектерге назар аударса, бір адам туралы біршама мәлімет алуға болады. Әрине көзге байқалмайды, бірақ бір заттың ар жағында адамның өмірі, сезімдері тұр. Бір әннің артында олардың  танысуы, махаббаты, отбасы құруы тұр.
     Осы жүргізушіге қатысты айтатын болсам, түрге қарап баға беруге болмайды екен. Сыртынан қанша суық көрінсе де, ішінен өте сезімтал адам болып шығуы мүмкін


Журналистика факультетінің 1 курс студенті Сүндетова Тоғжан.

Комментариев нет:

Отправить комментарий